Атырау облысында 842 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 842 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, жыл басынан бері 842 отбасындағы 4841 адам әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде 3942 адамға шартты, 963 адамға шартсыз ақшалай көмек берілген.

«Мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар. Бірі – шартты, екіншісі – шартсыз әлеуметтік көмек. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек отбасында еңбекке қабілетті адамы болмаса немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі, табысы аз отбасыларға тағайындалады. Ал, шартты атаулы көмек жұмыспен қамту шараларына қатыса алатын табысы аз отбасыларға беріледі», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай түрін алушылардың арасында еңбекке қабілетті 1 102 адам бар. Оның 22-сі тәуелсіз қызметкер болса, 132-сі жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелгендер. Ал, 358 адамқазір бала күтімімен отырған аналар. Сондайа-ақ, 590 адам жұмыс істеп жүр.

«Жұмыссыз есебіне тіркелген 132 адамның 40-тан астамы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, 80 адам қоғамдық жұмысқа, 10 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді. Бұлардан бөлек кәсіпкерлік бастамаларды қамтамасыз ету жобасына 3 адам, кәсіби біліктілігін арттыру курсына 1 адам қатысуда», -деп мәлім етті А.Мәмбетов.

Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы 1347 баласы қосымша төлем тағайындалған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 1 мыңға жуық адам «Отбасының цифрлық картасымен» әлеуметтік көмек алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар