Атырау облысында 900-ден астам шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған.
«Бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – көші-қон заңдылығын бұзған, Қазақстан Республикасының аумағынан өз еркімен шығып кету туралы сот қаулыларын орындамаған шетелдіктерді анықтау. Мемлекет заңдылығының талабын орындамаған шетелдіктерді мәжбүрлі түрде елден шығару. Облыс полицейлері іс-шара кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 900-ден астам шетелдікті анықтады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Мәселен, 583 шетелдік еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 3, 4, 5, 6 және 7-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған. Ал, шетелдің 31 азаматына аталған құжаттың 519-бабымен, 372 заңсыз «қонаққа» 518-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған.
Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзған 31 шетелдік азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ел аумағынан шығарылған. Ал, жеке басын анықтайтын құжаттардың болмауына байланысты Өзбекстан Республикасының 91 азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын өзбекстандық қария Атырауда 21 жыл бойы құжатсыз жүргенін жазған едік. Өзбекстан Республикасының 72 жастағы азаматы Қазақстанға 2000 жылдары келген. Қазақстандық әйелмен отбасын құрған. Ерлі-зайыптылардың ортақ бес баласы бар. Полицейлер шетелдіктің жеке басын анықтап, еліне қайтару үшін тиісті құжаттар тізбесін Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулдығына жолдады.
Кейін Атырау облысында 13 жылдан бері құжатсыз жүрген өзбекстандық анықталды.
Шетелдік әйелдің Қазақстан Республикасының аумағына 2010 жылдары кіргенін анықтады. Содан бері құжатының елде болу мерзімі біткенін біле тұра, Қазақстан аумағынан шығып кетпеген. Қазақстан азаматына күйеуге тиіп, екі баланы дүниеге әкелген. Жинақталған іс-құжаттары Қызылқоға аудандық сотына жіберілді.