Атырау облысында аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - ҚР  Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұловтың қатысуымен Атырау облыстық ішкі істер департаментінде  2016 жылдың қызметін қорытындылауға арналған жедел жиын өтті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100 пайызды құрады

Министрлік баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жиында  аймақтағы  полицияның жедел қызметінің қорытындысы және  ішкі істер органдарының келешектегі басым міндеттері туралы мәселе қарады.

Онда  Атырау облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі  Аян Дүйсембаев  өңірдегі жедел ахуалға тоқталды.

Департамент басшысының айтуынша, Атырау облыс аумағындағы жедел жағдай тұрақты. Қылмыстық құқық бұзушылықтар, ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ, зорлау, тонау, алаяқтық, бұзақылық,  мал ұрлығы және автокөліктерді заңсыз айдап әкету қылмыстарының саны төмендеген. Сонымен қатар, қоғамдық орындар мен көшелерде және қаруды қолданумен жасалған қылмыс саны да азайды. Қабылданған жедел алдын алу шаралардың нәтижесінде қылмыстардың ашылу деңгейі көтерілді. Аса ауыр, адам өлтіру, зорлау, мал ұрлығының ауыр түрі және автокөліктерді заңсыз айдап әкету қылмыстарының ашылуы 100 пайызды құрады. Жалпы 2016 жылы жол-көлік оқиғасы 18,8 пайызға төмендеді. Жол апатынан 79 адам қаза тапты. Өткен жылы 70 адам мерт болған еді. Жол апатынан жарақат  алғандар саны да 12,5 пайызға азайды. Республикалық маңызы бар жолдарда да орын алған жол апаты 23,6, қаза тапқандар 27,9, жарақат алғандар 13,3 пайызға төмендеді.

Дүйсембаев облыстағы криминогендік ахуалдың тұрақтылығына  полиция қызметінің материалдық- техникалық базасын күшейту де ықпал ететіндігін атап өтті. Ағымдағы жылы облыс әкімінің қолдауымен ІІД-нің жаңа ғимаратын салуға жергілікті бюджеттен 5,73 млрд. теңге, Құрманғазы АІІБ-не  және Құлсары қаласына Жедел басқару орталығын салуға, сонымен қатар, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 5 стационарлық полиция тірегін салуға, ерекше құралдарды алуға және Жергілікті полиция қызметінің материалдық базасын нығайтуға қаражат бөлінді. Жиналыста ІІД бастығының орынбасарлары, қала, аудан ІІБ басшыларының да баяндамалары  тыңдалды.

Жедел жиында Б.Бисенқұлов жеке құрамға Елбасы Н.Назарбаевтың  ІІМ-де іске асырылуы тиіс шаралары туралы тапсырмасын атап өтіп, облыстың ІІД басшылығы мен оның аумақтық бөліністеріне ішкі істер органдарының қызметінің барлық бағыты бойынша нақты міндеттер, соның ішінде қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыс пен құқық бұзушылықтарды анықтау, ашу және тергеу, оның алдын алу, жеке құрамның тәртібін күшейту шаралары бойынша тапсырмалар берді.

«Полиция қызметіндегі негізгі бағыт - азаматтарды қылмыстық әрекеттерден сенімді түрде қорғау және құқықтық тәртіпті жоғары деңгейге көтеру»,- деп атап көрсетті Бисенқұлов.

Сонымен қатар министрдің орынбасары  аймақтағы ұрлыққа қарсы іс-қимыл, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті жандандыру, қоғамдық орындар мен көшелердегі тәртіпті күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Рақымшылыққа байланысты жазасын өтеуден босатылғандарды оқыту мен жұмысқа орналастыру мәселелеріне де баса назар аудару қажеттігін ескертті.