Атырау облысында автобус түгі қалмай жанып кетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында автобус түгі қалмай жанып кетті. Көлікте жүргізушіден басқа адам болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Оқиға бүгін, 13 маусымда болған. Өрт видеосы Іnstagram әлеуметтік желісінде тарады.

Бұл деректі растаған облыстық төтенше жағдайлар депаратменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, автобустың жанып жатқаны туралы жергілікті уақытпен сағат 10:17-де хабар түскен.

«Мақат ауданындағы Доссор кентінен Құлсары қаласына қатынайтын тасжолдың 27-шақырымында автобус өртенді. «Yutong» автобусы зауыттан 2018 жылы шығарылған. Көлік Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына бағыт алған. Өртті сөндіруге «Семсер Өрт Сөндіруші» ЖШС-нің 4 қызметкері мен 1 арнайы техникасы тартылды. Өрт салдарынан автобус толығымен жанып кетті. Жалын сағат 11:04-те толық сөндірілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Адамдар аман. Қазір автобустың неден өртенгені анықталып жатыр.

«Автокөлік жүргізушілерінен өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Көліктегі ақау өртке, не жол апатына себеп болуы мүмкін екенін естен шығармау қажет», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда емхана жанында 2 көлік түгі қалмай жанып кеткенін жазған едік. Оқиға М. Баймұханов көшесінде орналасқан №3 қалалық емхана маңында болды. Өртеніп кеткен «Тoyota Hiace» және «Honda Elysion» автокөліктері сақтандыру компаниясына тиесілі екені анықталды.


Соңғы жаңалықтар