Атырау облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 1 млрд 35 млн теңге бөлінді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға 1 млрд 35 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Дмитрий Дюдің мәліметіне сүйенсек, тұрақтандыру қорының қоймасында 216 тонна азық-түлік, 2 379 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері бар.

«Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін «Атырау» ӘКК» АҚ төрт сауда желісі мен тауар өндірушілерге айналым қаражатын толықтыру үшін 1 млрд 35 млн теңге көлемінде қарыз берді. Бұл қаражаттың қайтарымы болады. Кәсіпкерлер алдында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру міндеті тұр», -дейді Дмитрий Дю.

Оның айтуына қарағанда, «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерінің 39 нүктесінде азық-түліктер нарық бағасынан 33%-ға төмен бағамен сатылып жатыр. Тауарлар күн сайын сауда орындарына жеткізіледі. Тұрақтандыру қоры арқылы жеткзілетін азық-түлік өнімдері супермаркеттер желісінде «Тұрақтандыру қорының тауарлары» деген жазуы бар арнайы сөреге орналастырылған.

«Ауыл шаруашылығы тауарлары Атырау қаласындағы 4 базарда нарық бағасынан 63% төмен бағамен сатылады. Мәселен, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы – 80-82 теңге. Ал, сиыр еті (сүйегі бар жауырын-төс бөлігі) – 1853, он жұмыртқа – 360, картоп – 185, пияз – 80, сәбіз – 145, қырыққабат – 125, қызылша бағасы 170 теңге тұрады. Көкөністер «Дина», «Сарайшық», «Насиха» және «Көктем» базарларында сатылымға қойылды», -деп мәлім етті Дмитрий Дю.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қажетті қоры барын https://kaz.inform.kz/news/atyrau-oblysynda-aleumettik-manyzy-bar-azyk-tuliktin-kazhetti-kory-bar_a3884011 жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар