Атырау облысында балық өсіруге 2 млрд теңге инвестиция салынады

Бұл туралы тұрғындар алдында есеп берген Құрманғазы ауданының әкімі Қайрат Нұртаев мәлім етті.
Оның айтуынша, «СевКаспий ФИШ» ЖШС 2 млрд теңге инвестиция салу арқылы балық қорын көбейтуді көздеп отыр. Аталған серіктестік бекіре тұқымдас және қара балықтардың 10 милионнан астам шабағын қолдан өсіріп, Қиғаш өзеніне жібермек. Бұған қоса, тоған шаруашылығын дамыту қолға алынады.
«Бұл жобаны іске асырудың нәтижесінде 1000-нан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, балық, егін, мал және құс шаруашылығын дамыту мақсатында Қиғаш өзенінде 243,55 километрді құрайтын жанама каналдардың түбі тереңдетіледі. Сондай-ақ, 75 шақырымдық «Кобяково-Забурунье» суландыру жүйесін қайта жаңғырту жоспарланып отыр» дейді аудан әкімі Қайрат Нұртаев.