Атырау облысында биылғы 8 айда 270 адам туберкулез дертін жұқтырған

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында биылғы 8 айда 270 адам туберкулез дертін жұқтырған. Оның ішінде 21 бала бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Зульфия Қайреденованың мәліметінше, биылғы 8 айда туберкулезге шалдыққандар саны 9,8%-ға төмендеген.

«Жыл басынан бергі 8 айда Атырау облысында туберкулезбен жаңадан ауырған 271 науқас тіркелді. Құрт ауруын жұқтырғандар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға азайған. Ал, балалар арасында туберкулезбен ауырғандар 7 жағдайға көбейді. Қазір жасөспірімдер арасында 21 науқас анықталып отыр. Туберкулез таяқшалары қақырықты микроскопиялық тексеру арқылы анықталды. Бұл – туберкулезді анықтаудың ең сенімді, әрі тиімді тәсілі. Ал манту сынамасы балаларда туберкулез таяқшаларымен зақымдалуды дер кезінде анықтау үшін қолданылады. Манту – екпе емес, қауіпсіз диагностикалық тест», -дейді ЗульфияҚайреденова.

Оның айтуына қарағанда, туберкулез ауруы басталғанда жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұсының ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа қабілеттің төмендеуі байқалады. Бұл белгілердің бәрі одан әрі үдей түссе, науқас қан түкіруі мүмкін.

«Жөтел – туберкулезге тән ең алғашқы белгілердің бірі. Егер науқаста жөтел екі аптадан ұзаққа созылса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, туберкулез ауруына тексерілген жөн», -дейді Зульфия Қайреденова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда туберкулез жұқтыру азайып, коронавирусқа шалдығу 4 есе өскенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар