Атырау облысында бос жүрген 10 718 жастың үштен бірі жұмысқа орналасқан

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда жастарды жұмыспен қамту, кәсіп бастағандарды қолдау мәселесі талқыланды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына 10 718 жас жүгінген. Оның ішінде 3 478 жас жұмысқа орналасқан.
«Мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде жастар үшін «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1 481 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Ал жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 271 жас жұмыспен қамтылады. Қазір аталған жоба аясында 141 адам жұмыс істейді. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 23 адамды қамту жоспарланды. Бұл жобамен 3 адам жұмысқа орналасты», - деп хабарлады Азамат Мәмбетов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында «күміс жасқа» жататын 343 адам жұмысқа орналастырылғанын хабарлаған болатынбыз.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің мәліметіне сүйенсек, жыл соңына дейін аталған жобамен 600 адамды жұмыспен қамту көзделген.
«Күміс жас» жобасымен Атырау қаласында – 112, Жылыой мен Индер ауданында – 46, Құрманғазыда – 18, Қызылқоғада – 38, Мақатта – 25, Махамбет ауданында 29 адам «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасты. Оларға зейнетақы төлемі аударылады.