Атырау облысында браконьерлердің айла-тәсілі әшкереленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде Каспий теңізінің қазақстандық секторында белең алған браконьерлік туралы ақпарат көпшіліктің назарын аударды.
None
None

Заңсыз балық аулаушылардың қолындағы ау құралдары мен олардың техникалық мүмкіндіктері балық қорғаушылардың өзін таңқалдырған. Бейнебаянда көрсетілген жүздеген метрлік ау-торлар теңізде тірі мақұлық қалдырмауға бағытталғандай, деп хабарлайды 24.kz. Каспий теңізінің солтүстік жағалауына құрылған жүздеген ау құралының әрбірінің ұзындығы 500 метрден асады. Оңай олжаға құныққандар балық біткенді ірі-ұсағына қарамай, қыра беруді кәсіп еткен. Олай дейтініміз, жаз айларында теңіздің қамыс, қоға өсетін жағалауларынан қорек айыратын балық жолдары түгелдей жабық. Браконьерлер қапталдастыра құрған аулар арқылы балықты арнайы құрылғыға айдап кіргізеді. Балық біткеннің ажалына айналған мұндай абақтардан тәулігіне тонналап су маржанын жинауға болады екен. Осылайша айдында алаңсыз сайран салғандарға кешегі әлеуметтік желіде жарияланған бейнебаян ашық күнде жай ойнағандай әсер еткені анық. Бұл балық қорғаушыларды да жаппай атқа қонуға мәжбүрледі.

«Аталған деректер бойынша Табиғат қорғау прокуратурасы мен Балық шаруашылығы инспекциясы және де Су полициясы мекемесіне жаңағы фактілерді жою жөнінде нұсқамалар берілді. Және де осы заң бұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады»,-дейді облыстық табиғат қорғау прокурорының орынбасары Сапар Тұрсынбаев.

Дегенмен бұл жолы да браконьерлер бұрын қимылдаған секілді. Каспий теңізінің жағалауын қоршай құрылды делінген ау құралдарының бүгін ізі де жоқ. Әлдекім жиып, алып кеткен. Дегенмен бұл келеңсіздік тағы қайталана ма? Бұл сұрақ әзір ашық күйінде қалғалы тұр. Біз аралап көрген аймақта көне ау құралдардан аяқ алып жүргісіз. Тіпті моторлы қайықтың өзі аяғын аңдап басуға мәжбүр болды. Ал балық қорғаушылар болса, аталған аймақты қатаң бақылауда. Аулар ерте көктемде тасқынмен ығып келген дейді.

Облыстық ІІД балық қорын қылмыстық әрекеттерден қорғау бөлімі басшысының орынбасары Аманжол Жұқановтың айтуынша, аптасына осындай рейдтік шаралар 2-3 мәрте өткізіледі. Каспий теңізінің сол жағалауына, Жайық өзенінің бойында да осындай жұмыстар жүргізіледі.

Жайық-Каспий бассейні - бекіре тұқымдастардың негізгі өсіп-өнетін ортасы. Мұнда көксерке, сазан, табан, майшабақ секілді әлем нарығында айрықша бағаланатын су маржандары да тіршілік етеді. Ал теңіз тіршілігін сеніп тапсырған құрылымдар белсенді әрекетке көшкенше, баға жетпес байлық браконьерлерге оңай олжа болып қала бермек.

Соңғы жаңалықтар