Атырау облысында декларация тапсырған жеке тұлғалардың саны белгілі болды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 71 200 адам декларация тапсырған. Бұл – декларация тапсыруға міндетті жеке тұлғалардың 98%-ы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық семлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Нұрмира Орынбаеваның мәліметінше, жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі бойынша 72108 жеке тұлға декларация тапсыруы тиіс.

«Жалпыға бірдей декларациялау әдісі дамыған мемлекеттерде бар. Бұл әдіс сыбайлас жемқорлықпен ғана емес, көлеңкелі экономикамен күресуге де мүмкіндік береді. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға тоқталсақ, мұнда ең алдымен Қазақстан Республикасынан тыс жердегі мүліктер басты назарда болады. Жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, көлік құралдары, арнайы техникалар мен тіркелемелер көрсетіледі. Елімізден тыс жерде құрылған заңды тұлғалардың капиталы декларацияға кіреді. Биыл жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Ал, 2024 жылдан бастап 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруға міндетті», - деп хабарлады Нұрмира Орынбаева.

Оның айтуынша, декларацияны cabinet.salyk.kz web-порталы, egov.kz, сондай-ақ, eSalyq аzamat мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға мүмкіндік бар.

Еске сала кетелік, бұған дейін 1 546 атыраулықтың өзін банкрот деп тануға берген өтінішінен бас тартылғанын жазған болатынбыз.

Биылғы 3 наурыздан бері өзін-өзі банкрот деп тану үшін 2 075 өтініш түскен. Осы кезге дейін банкрот деп тану үшін 1546 атыраулықтың өтінішінен бас тартылды.

Ал 302 адамның өтініші алдын ала мақұлданды. Бұл өтініш заңға сай келсе, 6 айдан кейін банкртоттық қолдану жөнінде шешім шығарылады.


Соңғы жаңалықтар