Атырау облысында экологияны бүлдіргендер 270 млн теңге айыппұл төлейді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында 9 айда экологияны бүлдірушілер 270 млн теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің мәліметінше, 9 айда экологиялық заңнаманы бұзған 177 дерек анықталды.

«Шаруашылық жүргізу субъектілеріне экологиялық заңнаманы сақтауға қатысты 92 тексеру өткізілді. Оның ішінде 19 профилактикалық бақылау, жоспардан тыс 53, өзге де 20 тексеру бар. Олардың қорытындысымен экологиялық заңнаманы бұзған 177 дерек анықталды. Қоршаған ортаны бүлдірушілерге 40 нұсқама берілген еді. Осы кезге дейін 26 нұсқама орындалды. Жыл басынан бері 172 әкімшілік іс қозғалып, 5 ескерту берілді. Сот органдарына 21 әкімшілік іс қарауға жолданды. Экологияға залал келтіргендерге 270 млн 456 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды. Оның ішінде 152 млн 277 мың теңгенің 118 айыппұлы ерікті түрде мемлекет пайдасына өндіріліп алынды», - деп хабарлады Сырым Тілегенов.

Оның айтуына қарағанда, Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасының жаңа нұсқасы жасақталған. Жол картасында 7 бөлім, 45 тармақ бар. Қосымша 26 тармақ енгізілген.

Еске салайық, бұдан бұрын Атырау облысында үш жерге мұнай өнімі тәріздес сұйықтық төгілгенін, кейін тағы бір аумақ мұнай өніміне ұқсайтын сұйықтықпен бүлінгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар