14:14, 06 Қаңтар 2016 | GMT +5
Атырау облысында қар құрсауынан 98 адам құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында қар құрсауынан 98 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті.

«2015 жылғы 31 желтоқсан мен 2016 жылғы 5 қаңтар аралығында ауа-райының бұзылуы және көп қар түсу салдарынан Атырау облысы аумағында, оның ішінде Махамбет, Исатай, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында ауа-райы күрт өзгерді. Қар құрсауынан 98 адам құтқарылып, 25 техника қардан шығарылды», делінген хабарламада.
Апаттық-құтқару және іздеу жұмыстарына Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі жеке құрамынан 55 адам және 25 техника, Батыс өңірлік аэроұтқұр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, «Казавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан және ұйымдардан 65 адам, 32 техника жұмылдырылды.