Атырау облысында қарасора өсіретін плантацияның көзі жойылды
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қарасора плантациясы 19 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен бірлесе өткізілген «Қарасора-2021» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған.
«Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының шекаралас аумағында орналасқан орман алқабында қарасораға ұқсас өсімдіктер өсірілген. Сараптамаға сәйкес заңсыз егілген өсімдіктің 507 бұтасы қарасора екені дәлелденді. Плантацияда есірткі қурайларын отап, өртеу арқылы толықтай жойылды. Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 300-бабының 2-бөлігімен (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» - дейді департамент бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 24 млн теңгенің есірткісін сатпақ болған діни ағым өкілдері ұсталғанын, кейіннен велосипедпен 1,1 млн теңгенің есірткісін тасымалдаған ер адам қолға түскенін хабарлаған едік.