18:15, 05 Желтоқсан 2016 | GMT +5
Атырау облысында қараусыз қалған 2 ұңғымадан төгілген мұнай 30 га жерді ластады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы Құрманғазы ауданында қараусыз қалған екі ұңғымадан мұнай төгіліп, 30 га жерді ластады.

Күмісбек ауылында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
«Көлжан ойл» ЖШС-ға тиесілі ұңғыма Ганюшкино аудан орталығынан 60 шақырымда орналасқан. Олардың саны - 6. Екеуінен мұнай шығады. Бұл фактіні анықтағаннан кейін прокуратура экология департаментіне шығынды бағалау ұсынымымен жүгінді. Олардың есебінше, бұл 800 млн асады. Қылмыстық іс қозғадық. ЖШС-ы иелері ізделіп жатыр», - деп хабарлады облыстың мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Владимир Малахов.
Қазіргі уақытта жергілікті биліктің өтінішімен «Ақ берен» мамандандырылған кәсіпорны жерге төгілген мұнайды жинауға және ластанған аумақты қалпына келтіруге кірісті.