09:06, 19 Қараша 2011 | GMT +5
Атырау облысында кішкентай қызды зорлады деген күдікті қолға түсті
АТЫРАУ. 19 қараша. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысында кішкентай қызды зорлады деген күдікті қолға түсті.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, жұма күні кішкентай қызды зорлады деген күдікпен Жылой ауданы Құлсары қаласының 25 жастағы тұрғыны қолға түсті. Бұрын ол ұрлық жасағаны үшін істі болған, отбасын құрмаған. Оны ұстауға қазір ауруханада жатқан қыздың айтуымен жасалған фоторобот көмектескен.
Естеріңізге сала кетейік, 14 қараша күні Атырау облысы Жылыой аудандық ішкі істер бөліміне Құлсары қаласында тұратын азаматша келіп, кешкі жетілер шамасында белгісіз біреу оның үшінші сыныпта оқитын қызын зорлағаны туралы арыз білдіреді. Ауданда тергеу жедел тобы құрылып, осы қылмысты тергеуді қолға алған. Жәбір көрген қыз баланың айтуымен күдіктінің фотороботы салынған.