Атырау облысында көпшілік іс-шараларды өткізу тоқтатылады

Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысында айтылған.
«Көпшілік іс-шараларды (мерекелік, көпшілік мәдени іс-шараларды, көрмелерді, корпоративтерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т. б.), оның ішінде үйде және жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізу, ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, жабық үй-жайдағы, соның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріндегі аттракциондардың, ойын алаңдарының (ауладағыларды қоспағанда), кальян, түнгі клубтардың, мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету тоқтатылсын», - делінген жаңа құжатта.
Сондай-ақ, марафондар, көрермендермен спорттық іс-шараларды өткізуге, ашық ауадағы аттракциондардың барлық түрлерінің жұмысына (демалыс саябақтарында, алаңдарда), алаңдардағы, саябақтардағы, скверлердегі, жағалаудағы балалардың, ересектердің жылжымалы ойын құралдарының ұсақ бөлшек саудасына, жалға беруге тыйым салынған.
Жаңа қаулы қол қойылған сәтінен бастап күшіне енеді.
Қаулының толық мәтінімен мына сілтемеден танысуға болады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау қаласында карантин шектеуі күшейтілген болатын.