Атырау облысында құйынды жел бірнеше ауылды жарықсыз қалдырды

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше, 29 наурызда қатты желдің салдарынан құтқарушыларға 34 шақырту түскен.
Кеше Атырау облысында қатты жел шатырларды көкке ұшырғанын жазған болатынбыз. Кардиология орталығының шатыры бүлініп, бір адам ауруханаға түсті.
«Құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, шұғыл түрде авариялық-құтқару іс-шараларын жүргізді. Тәулік ішінде «112» нөміріне 34 қоңырау түсті. Оның 28-і Атырау қаласынан, ал 6-уы – аудандардан. Қатты желден 18 тұрғын үй, 3 балабақша, 3 медицина ғимараты, 1 мәдениет үйі және басқа нысандардың шатыры бүлінді. Шатыр мен қабырға қаптамасы бүлінген нысанның дені Атырау қаласында тіркелді.
Құрманғазы ауданында мәдениет үйі мен локомотив депосының шекара қызметі департаментіне қарасты ғимараттың, Мақат ауданында тұрғын үйлердің, Индер ауданында өнер мектебінің, Махамбет ауданында орталық аурухана мен Ақтоғай ауылындағы мектептің шатыры бүлінген. Ал Қызылқоға ауданының Тайсойған, Жамансор, Кенбай, Жангелдин, Ойыл, Көздіқара ауылдарында жарық сөніп, абоненттер қосымша желіге қосылды. Аталған елді мекендерде зақымдалған жоғары вольтты электр желісін қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, кеше Атырау қаласындағы «Сарықамыс» шағын ауданында, Қызылбалық Геолог, Ақжар ауылдық округтерінде екпінді жел салдарынан электр желісі үзілген. Қазір барлық абонентке электр жарығы берілді.
Еске салайық, бұған дейін Атырау қаласында табиғат құбылысынан келген шығын көлемі анықталып жатқанын хабарлаған едік.