Атырау облысында Мәжіліс пен мәслихатқа 496 кандидат ұсынылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына 496 үміткер ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында Мәжіліс пен мәслихатқа 496 кандидат ұсынылды

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауына ұсынылған кандидаттар – 496. Оның ішінде 20 кандидат Парламенттің кіші палатасының депутаттығына, 476-сы әр деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылған. Мәслихаттарға 6 саяси партия 68 үміткер ұсынды.

«Облыстық мәслихаттың 30 депутатының 50% (15 депутат) мажоритарлық жүйемен, 50% (15 депутат) партиялар тізімі бойынша сайланғалы отыр. Ал Атырау қалалық мәслихатының 25 депутаты, 7 аудандық мәслихаттың 85 депутаты толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланады.

«Облыстық мәслихат депутаттарын партиялар тізімі бойынша сайлауға 15 мандатқа 6 саяси партиялардың партиялық тізімімен 68 кандидат ұсынылды. Аталған мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округіне 50, Атырау қалалық мәслихаты депутаттығына 84, Жылыой аудандық мәслихатына 5, Индер аудандық мәслихатына 40, Исатай аудандық мәслихатына 34, Құрманғазы аудандық мәслихатына 42, Қызылқоға аудандық мәслихатына 37, Мақат аудандық мәслихатына 36 кандидат, Махамбет аудандық мәслихатына 33 кандидат ұсынылып отыр», - деп мәлім етті аумақтық сайлау комиссиясынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Парламент Мәжілісінің депутаттығына 20 кандидат ұсынылғанын жазған болатынбыз.

Атырау облысынан Парламент Мәжілісінің депутаттығын бірмандатты округінен 20 кандидат ұсынылған. Оның ішінде өзін-өзі ұсыныған 16 кандидат бар. Төрт кандидат – саяси партиялардың өкілі.