Атырау облысында «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылды

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілгелі отыр. Енді әрбір отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейіне қарай мемлекеттік кепілдік түрлерін алу құқығы бірыңғай жүйемен анықталады.
«Бүгін «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылып, 10 атыраулыққа алғашқы sms-хабар жіберілді. Осы жоба әрі қарай жүзеге асырылатын болса, тұрғындар көмек алу үшін құжат тапсырып жүрмейді. Өйткені «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне азаматтың әлеуметтік санаты енгізіледі. Содан соң автоматты жүйеден кімге қандай әлеуметтік төлем немесе жәрдемақы тиесілі екенін хабарлайтын sms-хабар жолданады. Қазір азаматтарды әлеуметтік санатына қарай осы жүйеге енгізу және ақпараттардың дұрыс-бұрыстығын тексеру жұмыстары жүріп жатыр», -деді Азамат Мәмбетов.
Оның айтуына қарағанда, келер жылы жастарды еңбекпен қамтитын түрлі іс-шаралар қолға алынады. Сондай-ақ, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 181 жұмысшыға 37,2 млн теңге жалақы қарызы өтелгенін хабарлаған едік.