Атырау облысында шегірткеге қарсы 28,2 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында шегірткеге қарсы 28 мың 200 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысында шегірткеге қарсы 28,2 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі
Фото: fao.org

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Руслан Шұғайыповтың айтуынша, екі ауданда үйірлі шегірткелер анықталған.

«Құрманғазы және Исатай ауданында химиялық өңдеу жүргізілетін 28 мың 200 гектар жер бар. Осы кезге дейін италиялық шегірткеге қарсы 5 мың 600 гектар жер толықтай химиялық өңдеуден өткізілді. Қазір 22 600 гектар жерге азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл егін алқаптарына зиянкестерден қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ, екі ауданда үйірлі шегірткелер бар. Сол себептен, егін алқаптарына алматылық «Авиасила» ЖШС жеңіл авиациямен, ал оралдық «Магтоксин» ЖШС желдеткіш бүріккішпен өңдеу жүргізіп жатыр», - деп хабарлады Руслан Шұғайыпов.

Оның айтуына қарағанда, жайылым мен шабындықтарға зиянкестерден ешқандай қауіп төнбеген. Бірақ, шегірткенің жүру бағыты бақылауға алынған. екенін жеткізді.

«Қазір химиялық өңдеу екі ауданда жүріп жатыр. Кейін бұл жұмыс Атырау қаласының іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округінің аумағында жалғасады. Мұнда каналдардың жағалауындағы 500 гектар шабындықты азиялық шегірткеге химиялық өңдеуден өткізу жоспарланып отыр», -деп мәлім етті Руслан Шұғайыпов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда биыл масаны төрт препаратпен улап жатқанын хабарлаған болатынбыз.