Атырауда биыл масаны төрт препаратпен улап жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда биыл масаны төрт препаратпен улап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: news.un.org

Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, масаны улау жүргізу үшін «AG Dezinfection Services» ЖШС мердігер ретінде таңдалған. Серіктестік бас директорының орынбасары Гүлсара Ходжибекованың айтуынша, улау жұмыстары сағат 21:00-ден соң жүргізіледі.

«Біз жыл сайын масаны улау препараттарын ауыстырып тұрамыз. Биыл фосладин, фослад 50, антиинсект, мистин деп аталатын төрт препаратты қолданып отырмыз. Мұндай препараттардың адам денсаулығына әсері алдын ала зертханада тексеріледі. Содан соң ғана қолданылады», - дейді Гүлсара Ходжибекова.

Оның мәліметінше, масаны улау жұмысына арнайы 25 маман, жел генераторы бар 6 ГАЗель, 5 салқын тұман шығаратын генератор, 3 ыстық тұмандатқыш генератор, 10 бүрку техникасы бөлінген.

«Біздің мамандар Атырау қаласындағы шағын аудандар мен саябақтарда, тұрғын үй алабы мен көшелерде масаға қарсы у шашу жұмысын жүргізеді. Мұндай жұмыс шаһар маңындағы «Бірлік-1», «Бірлік-2», «Көкарна», «Водников», «Ширина», «Ақжайық», «Жұмыскер» елді мекендерінде атқарылады», - деп мәлім етті Гүлсара Ходжибекова.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда биыл масаны улауға 50,4 млн теңге бөлінгенін жазған болатынбыз. Әкімдіктің мәліметінше, кестеге сәйкес масаны жою жұмыстары бірінші кезекте көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі мен кіреберістерінде жүргізіледі. Бұдан кейін дезинсекция жұмыстары тұрғын үйлер алабы мен саябақтарды қамтиды.

«Тендерлік конкурстың жеңімпазы атанған «AG Disinfection» ЖШС-дан бөлінген үш бриагада құрамында 25 маман мен 45 арнайы техника бар. Қазір арнайы мамандар роторлы бүріккішпен масаны улауды қолға алды. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млн 400 мың теңге бөлінді», - деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар