Атырау облысында шомылу маусымы екі апта кешігіп басталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының су айдындарында шомылу маусымы басталды, деп хаарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, 15 маусымда суға шомылу кезеңі ашылды.
«Атырау облысында шомылуға арналған 6 жағажай бар. Оның ішінде Атырау қаласында 3, Жылыой ауданында 2 және Индер ауданында 1 жағажай орналасқан. Облыс тұрғындары мен қонақтарына суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтауды ескертеміз. Суға шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдау қажет. Шомылуға болмайтын белгіден аспай, тыйым салынған жерге моторлы кемелерге жақын жүзбеу керек. Ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмағаны жөн. Ішімдік ішкен жағдайда суға түсуге болмайды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Сондай-ақ, төтеншеліктер суға кету дерегіне байланысты статистикалық дәйекті ұсынып отыр.
Біріншіден, судағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде шомылудан болады.
Екіншіден, өз күшін асыра бағалау да суға батуға әсер етеді. Үшіншіден, денсаулықтың күрт нашарлауы мен құрысу өкінішке ұрындырады.
Бұдан бұрын Атырау облысында су айдындарына шомылу мерзімі 15 маусымға шегерілгенін хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Атырау облысы су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске бар.
«Су айдындарында шомылуға қауіпті 70 орын учаске анықталды. Мәселен, Атырау қаласында 17, Индер ауданында 10, Махамбетте – 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоға ауданының аумағында 15 қауіпті учаске тіркеліп отыр. Бұл учаскелерде шомылуға тыйым салынған 238 белгі мен 9 ақпараттық тақтайша орнатылды», -деп мәлім еткен еді қоғаммен байланыс тобынан.