Атырау облысында су айдындарына шомылу мерзімі 15 маусымға шегерілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында су айдындарына шомылу мерзімі 15 маусымға шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау басқармасының бастығы Бақыт Аблановтың айтуынша, бұрын шомылу мерзімі 1 маусымда басталатын еді. Енді биыл 15 маусымға шегеріліп отыр.

«Жайық өзенінде су деңгейі әлі де тұрақтаған жоқ. Мұндай кезде ағыс адам өміріне қауіп төндіреді. Облыс әкімінің өкімімен төтенше жағдайлардың алдын алу, шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Биылғы 17 сәуірде әділет департаментінде «Атырау облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спорт үшін орындарын белгілеу туралы» қаулы тіркелді. Қаулыға осыған сәйкес облыс аумағында 46 демалыс орны белгіленді. Оның ішінде 27 орынның инфрақұрылымын құтқару жабдықтарымен, құтқарушылармен, медициналық пункттерімен жарақтандыруға қаржы бөлінді. Жалпы, шомылу маусымына арналған демалыс орнының саны 85%-ға артты», - деп хабарлады Бақыт Абланов.

Оның айтуынша, облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 70 қауіпті учаске анықталған. Бұл учаскелерде 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған. Су айдындарында қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында күнделікті үгіт-профилактикалық жұмысқа 273 адам, 44 автокөлік пен жүзу құралы жұмылдырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 23 жастағы бойжеткен көпірден секіріп кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Кейін 44 жастағы мас әйел көпірден секірмек болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар