Атырау облысында соңғы төрт жылда алғаш рет қызылша жұқтырғандар тіркелді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында наурыз басталғалы қызылша инфекциясын жұқтырудың 4 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиеваның айтуынша, қызылшамен 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер ауырған.

«Қазір әлемнің елдерінде қызылшаның таралуының қаупі артып келеді. Өйткені, бұған COVID-19 пандемииясынан кейін қызылшаға қарсы вакцинациялау, осы инфекцияға эпидемиялық қадағалаудың төмендегені себеп болып отыр. Атырау облысында қызылша ауруы соңғы рет 2019 жылы тіркелген еді. Төрт жылдан кейін биылғы наурыз айында аталған аурудың 4 жағдайы тіркелді. Алғашқы жағдай бізге шет елден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген. Қазір қызылша жұқтырған 4 жағдайдың біреуі зертханалық талдаумен дәлелденді. Қалған 3 жағдайдың зертханалық нәтижесін күтіп отырмыз», -деп хабарлады Айнагүл Сәрсенғалиева.

Оның айтуына қарағанда, қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцина салдыру.

Атырау облысында балаларды қызылшаға қарсы қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу көзделген.

«Бұл вакцина дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған. Вакцинаны алу тиімді және қауіпсіз. Қызылшаға қарсы вакциналау еліміздің ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 1 жастан 6 жасқа дейін жүргізіледі», -деп мәлім етті Айнагүл Сәрсенғалиева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екпе алудан бас тартқан екі адам көкжөтел жұқтырып алғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар