Атырау облысында төрт ауылдан 17 мың текше метрге жуық қызыл су сорылған

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, соңғы үш тәулікте еріген қар суын сору үздіксіз жүргізілген.
«Индер ауданындағы Жарсуат, Елтай, Өрлік ауылдарының көшелерінде тереңдігі 60 см болатын жаңбыр мен еріген қар суы жиналған. Соңғы үш тәулікте – 6, 7, 8 наурызда аталған ауылдардың көшелерінен 6 710 текше метр су сорылды. Ал, Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылындағы екі үйдің ауласынан үш тәулікте еріген қардың 10 мың текше метр су сорылып алынды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың дерегіне қарағанда, 7 наурызға қараған түні нөсер жаңбыр жауған.
Жаңбыр мен еріген қардың салдарынан Миялы ауылдық округінде су деңгейі көтерілген. Бұл ауылішілік су басу қаупін туындатқан.
«Толассыз жауған жаңбыр Сағыз ауылының ортасымен өтетін Ноғайты өзенінің арнасын толтырып жіберді. Сол себептен өзен жағалауын бекітуге 80-нен астам тұрғын жұмылды. Қазір Ноғайты өзеніндегі су деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Ал Сағыз өзенінде ағыс бәсеңдеді», -дейді Қанат Әзмұханов
Су сору жұмысына департаменттің 21 қызметкері жұмылған.
Жергілікті атқарушы органдардан 55 қызметкер, «Қайнармұнайгаз» басқармасынан 3 адам көмекке келген. Сондай-ақ, 15 техника мен 6 мотопомпа тартылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының бірнеше ауылында еріген қар суы сорылып жатқанын хабарлаған болатынбыз.