Атырау облысында тұрғындардың 60 пайызы вакцина салдырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында екпе алу тізіміне енген тұрғындардың 60 пайызы вакцинаның толық екі компонентін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысында тұрғындардың 60 пайызы вакцина салдырды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 ақпаннан бері коронавирус инфекциясы вакцинасының I компонентін 243 085 адам ектірген. Бұл облыста вакцина алуға жататын тұрғындардың жалпы санының 66%-ы.

«Өңірде вакцинаның II компонентін алған адамдардың саны 220 341-ге жетті. Бұл – вакцина салдырушы тізіміне енген контингенттің 60%-ы. Екпе алудың жоғары көрсеткіші Атырау қаласы (67,3%) мен Қызылқоға ауданында (62,4%) тіркеліп отыр. Ал, төмен көрсеткіш Махамбет (54,7%) және Жылыой ауданында (37,1%) байқалды», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Осыған орай вакцина алуға байланысты көрсеткіші төмен аудандарда ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыру туралы шешім қабылданған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мыңға жуық адам вакцинаның екі компонентін алғанын жазған болатынбыз.