Атырау облысында заңсыз балық аулаған 4 тұрғыннан 300 келіге жуық сазан тәркіленді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында заңсыз балық аулаған 4 тұрғыннан 300 келіге жуық сазан тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Фото: Балық шаруашылығы комитеті

Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатыр.

«Биылғы 11 мамырда сағат 15:55-те Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлерімен Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің жағалауында рейдтік іс-шара жүргізді. Рейд кезінде Исатай ауданындағы Жанбай ауылының 4 тұрғыны «Ямаха-70» аспалы қозғалтқышы бар «Будара» шағын көлемді жүзу құралымен ұсталды. Жүзу құралынан жалпы салмағы 278 келі сазан балығы мен 5 дана синтетикалық моножіптен жасалған ау құралдары табылды», -деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Аталаған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 335-бабының 1-бөлігінің белгілерімен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Алдын ала есепке сәйкес балық ресурстарына келтірілген залал мөлшері – 3 млн 740 мың 490 теңге.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мейрамхана тоңазытқышынан 73 кг бекіре тұқымдас балық табылғанын хабарлаған болатынбыз.

Атырау қаласында орналасқан мейрамхананың тоңазытқышынан жалпы салмағы 73 келіні құрайтын бекіре тұқымдас балық табылды. Ал 1995 жылы туған жүргізушінің автокөлігін тексеру кезінде 121 келіні құрайтын бекіре тұқымдас бағалы балық анықталды. Заңсыз айналымнан тәркіленген бағалы балық түрлері «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылған.


Соңғы жаңалықтар