Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық бала жоғалған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық бала жоғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жыл басынан бері кәмелетке толмаған балалардың жоғалуына байланысты 89 дерек тіркелген.

«Атырау облысында балалардың жоғалу дерегі көбейіп отыр. Биылғы жыл басынан бері балалардың жоғалуына байланысты 89 дерегі тіркелді. Бұл – алаңдатарлық жайт. Полиция қызметкерлеріне балалары үйіне оралмағаннан кейін 73 ата-ана хабар берген. Мектеп қызметкерлерінен 6 хабар түсті. Тұрғылықты мекен-жайын таба алмай адасқан балалар туралы 9 адам хабар берді», -дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиев.

Оның айтуынша, ата-аналар кәмелетке толмаған жасөспірімдер үйге келмеген жағдайда, өз еркімен іздестіру жұмыстарын ұзаққа созбай, дереу полицияға хабар бергені жөн.

«Бұл жоғалған балаларды іздестіру жұмыстарының сәтті аяқталуына өз септігін тигізеді. Көп жағдайда ата-аналар балаларының үйге келуін күтіп, оқиғаны жасыруға тырысады. Мәселен, бір ата-ананың баласы сааққа бару үшін күндізгі 12:00-де үйінен шығып кеткен. Алайда, сабақтан кейін үйіне уақытылы келмеген. Бірақ, бұл туралы ата-анасы полиция қызметкерлеріне түнгі 01:30 шамасында ғана хабарлады. Мұндай жайт баланы дереу іздестіруге қиындық келтіреді. Дегенмен, полиция қызметкерлері жоғалған баланы тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды», -деп мәлім етті Абзал Әліпқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 173 жасөспірім ерте жүктілік есебіне алынғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар