Атырау облысында жыл басынан бері терезеден 5 бала құлап, екеуі мерт болған

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, кейінгі кезде балалардың терезеден құлау дерегі жиілеген.
«Статистикалық талдауға сәйкес, Атырауда жыл сайын терезеден құлау салдарынан 5-6 бала көз жұмады. Мәселен, биылғы жыл басынан бері облыста осындай 5 дерек тіркелді. Оның ішінде 2 бала көз жұмды. Балалардың құлауына пластикалық терезенің оңай ашылатыны басты себеп болып отыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Облыстық департаментке қарасты төтенше жағдайлардардың алдын алу бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ербол Ғабитовтың айтуынша, тұрғын үй терезелеріне темір тор орнату қауіпсіздікті нығайта түседі.
«Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына пәтердің терезесін ашпас бұрын баланы қауіпсіздігіне назар аудару керек. Бөлмені желдету үшін форточканы ғана ашқан жөн. Балалардың өз бетімен балконға шығуына рұқсат бермеген дұрыс. Терезе жақтауының тұсына жиһаз қоюға болмайды. Бұл баланың терезе жақтауына еркін шығуына жол ашады. Ең қауіптісі – москитты тор. Бала оған сүйенген кезде тормен бірге құлап кетуі мүмкін. Мұндай тор баланың салмағына шыдамайды», -деп кеңес берді Ербол Ғабитов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында терезеден құлаған үш баланың біреуі мерт болғанын жазған едік.
Оның ішінде 2 жағдай Атырау қаласында, біреуі Индер ауданында тіркелген. Екі бала ауруханада емделген. Ал, біреуі мерт болған.