Атырау облысындағы газ-химия кешенінің жұмысы не себепті тоқтатылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысы тоқтап тұр. Жөндеу жұмыстары 25 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Kazakhstan Petrochemical Industries Inc

КРІ ЖШС-нің басқарма төрағасы - бас директоры Данияр Тиесовтің айтуынша, бұл – пайдаланудың бірінші жылында кездесетін қалыпты тәжірибе.

«Газ-химия кешенінің жұмысын тоқтату осы секілді ірі кәсіпорындарда кездесіп тұрады. Өйткені, ірі өндіріс орнының пайдалануға берілгеніне әлі бір жыл толған жоқ. Сол себептен, кешен құрылысын жүргізген мердігердің есебінен барлық анықталған кемшілікті ретке келтіру көзделіп отыр. Біз кешенді 10 шілдеде тоқтатып, 25 тамызда қайта іске қосуды жоспарлаған едік. Бірақ, оны 5 маусымда тоқтауға тура келді. Өйткені, Siemens компаниясының жылу алмастырғышында ақау байқалды», - деп хабарлады Данияр Тиесов.

Оның айтуынша, турбинаға су аққан. Бұл туралы компанияға хабардар берілген. Қазір компания қажетті бөлшекті жіберген.

«Аталған компанияның инженерлер тобы 15 шілдеде кешенге келеді. Олар жылу алмастырғышты ашып, турбинаны тексереді. Бұл жұмыс атқарылады деп үміттенеміз. Кешенді 25 шілдеде қайта іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деп мәлім етті Данияр Тиесов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда газ-химия кешенінің жұмысы тоқтатылғанын жазған едік. Кешенде «Теңіз» кен орнынан алынған шикізаттан жылына 500 мың тонна полипропилен шығарылады. Бұл – әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайтын әрі Қазақстандағы мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге септігі тиетін полипропилен шығаратын алғашқы кешен. Кешенге американдық Lummus Technology Inc компаниясының Catofin және Novolen технологиялары орнатылған. Осыған ұқсас кешендер әлемнің Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытай ескілді бес елінде ғана бар.


Соңғы жаңалықтар