Атырау облысындағы мектептерде спорт залы, мен асхана жоқ

Атырау облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуына қарағанда, 200 мектептің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілген.
«Мониторинг қорытындысымен бірқатар кемшіліктің бары анықталды. Мәселен, 24 мектепте спорт залы жоқ. Ал 44 мектептегі спорт залдары спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылмаған. Атырау қаласындағы 16, Махамбет ауданындағы 7, Құрманғазы ауданының 6 мектебіндегі спорт залдарының жабдықталу деңгейі талапқа сай емес», -деп хабарлады Бердібек Таишев.
Оның мәліметіне сүйенсек, 13 мектепте асхана жоқ болып шыққан. Осындай мектептердің тоғызы Атырау қаласында, үшеуі Қызылқоға ауданында, біреуі Махамбет ауданында орналасқан.
«Бұл Мемлекет басшысының бастауыш сыныптар оқушыларын ыстық тамақпен қамту жөніндегі тапсырмасын орындауға кері әсер етеді. Сол себептен қазір облыстық білім басқармасымен бірге аталған мәселені оң шешу қарастырылып жатыр», - деп мәлім етті Бердібек Таишев.
Мектептерді интерактивті тақтамен, робот техникасы кабинетімен жабдықтауда да кемшілік бар.
«Тексеру кезінде 57 мектептегі интерактивті тақталардың 50 пайыздан астамы ескіргендіктен, жұмыс істемейтіні анықталып отыр. Өңірдегі 90 мектепте ғана робот техникасы кабинеті бар. Бұл – барлық мектептің 45 пайызы. Физика пәні бойынша жаңа үлгідегі кабинетпен 152 (76%) мектеп қамтылған. Білім ордаларының 132-сі (66%) химия кабинетімен, 144 (72%) мектеп биология пәні кабинетімен жабдықталған», - дейді департамент басшысы.
Сондай-ақ интернет жылдамдығына талдау жасалған. Қазір 112 (56%) оқу ордасында интернеттің жылдамдығы секундына 10-20 Мбит және одан жоғары болып отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 6 мектептегі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін жалғасатынын хабарлаған едік.