Атырау облысындағы полипропилен өндіретін газ-химия кешенінің жұмысы тоқтап тұр

KPI ЖШС бас директоры Данияр Тиесовтің айтуынша, қазір кешен жұмысы профилактикалық жөндеуге тоқтатылған.
«Жоба бойынша жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін тұңғыш интеграцияланған кешен былтырғы қарашада іске қосылды. Содан бері 105 мың тоннадан астам полипропилен өндірілді. Кешен толық қуатына шығып, 100% жүктемемен жұмыс істеуі үшін кезең-кезеңімен кепілдік сынақтарға дайындық кезінде профилактикалық диагностика жүргізіп, анықталған ақауларды түзету үшін алғашқы жоспарлы жөндеуге тоқтатылды. Зауыт жұмысы биыл тамыз айының үшінші онкүндігінде қайта жалғасады деп жоспарланып отыр», -дейді Данияр Тиесов.
Оның айтына қарағанда, әлемде технология мен өндіріс көлемі жағынан Атыраудағы кешенге ұқсас 5 компания Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және Қытайда ғана бар. Қазақстандағы ірі газ-химия кешенінің іске қосылуы құрылыс, медицина, автомобиль жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібінде полипропиленнен жасалған бұйымдар өндірісінің дамуына серпін береді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы газ-химия кешенінің жұмысы не себепті тоқтатылғанын хабарлаған болатынбыз.
«Газ-химия кешенінің жұмысын тоқтату осы секілді ірі кәсіпорындарда кездесіп тұрады. Өйткені, ірі өндіріс орнының пайдалануға берілгеніне әлі бір жыл толған жоқ. Сол себептен, кешен құрылысын жүргізген мердігердің есебінен барлық анықталған кемшілікті ретке келтіру көзделіп отыр. Біз кешенді 10 шілдеде тоқтатып, 25 тамызда қайта іске қосуды жоспарлаған едік. Бірақ, оны 5 маусымда тоқтауға тура келді. Өйткені, Siemens компаниясының жылу алмастырғышында ақау байқалды», - деп хабарлады Данияр Тиесов.