Атырау облысының 18 ауылдық елді мекені медициналық нысанға зәру

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының 18 ауылдық елді мекені медициналық нысанға зәру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, маңызды мәселенің бірі – медициналық қызмет көрсету инфрақұрылымын жетілдіру.

«Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес ауылдық елді мекендерде 5 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынады. Бұл нысандардың жобалық-сметалық құжаты жасақталып, сараптамадан өтті. Қазір аталған нысандардың құрылысын жүргізу қолға алынды. Оның ішінде Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданында дәрігерлік амбулатория, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында аудандық аурухана салынып жатыр. Ал, Индер аудандық ауруханасына, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Фтизиопульмонология және облыстық перинаталдық орталықтарының желдету жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ұлттық жоба шеңберінде 18 ауылдық елді мекенде медицина нысандарын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт бар», - деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Оның айтуына қарағанда, әрқайсысы 250 келушіге арналған 2 емхана, 250 төсектік психикалық-денсаулық орталығы, радиологиялық корпусы бар онкологиялық диспансер және 3 қосалқы станциясы бар жедел медициналық жәрдем станциясын салу жоспарланған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 18 ауылға табиғи газ әлі тартылмағанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар