Атырау облысының әкімі Роза Рымбаеваға домбыра сыйлады

Концерт Махамбет Өтемісов атындағы облыстық драма театрында өтіп, әншінің сахнадағы 40 жылдық мерейтойына арналды.
"Кезінде теледидар арқылы сіздің орындауыңыздағы белгілі «Әлия» әнін тыңдайтынбыз. Сол кездерде-ақ халықтың сүйікті әншісіне айналдыңыз. Одан бері талай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін тыңдармандарыңыздың ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Сіз үнемі Атырау жерінде туған Құрманғазы мен Динаның есімдерін ұлықтаумен келесіз. Осы мерейлі мерекеңіз қарсаңында Атырау жұртшылығы атынан сізге мына киелі домбыраны сыйға тартамыз", - деді аймақ басшысы.
Роза Рымбаевa екі сағаттан астам уақытқа созылған концертті тапжылмай тамашалаған көрерменге, көрсетілген құрметке алғысын білдірді.
Айта кетейік, былтыр Атыраудағы xалық шығармашылық орталығында әншінің шеберлік сыныбы ашылған еді. Биыл екінші жыл қатарынан аймақта Роза Рымбаева әндерінің фестивалі өткізіліп келеді.
Өнер тойына қала және аудан әкімдері, облыстың құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері де келді.