Атырау облысының білім беру саласында жемқорлық тәуекелі жоғары
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынгша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың бірнеше белгісі анықталған.
«Атырау облысының білім басқармасына қарасты құрылымдарда 2022-2023 жылдары жымқыру дерегі бойынша 3 сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленді. Қазір 1 адам сот үкімімен айыпты деп танылып, оған 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілді», -деп хабарлады Нұрлан Жахин.
Оның айтуына қарағанда, сот үкімдері зерделеніп, қылмыс жасау тәсілдерінің бірнеше түрі анықталған. Оның ішінде БАҚ өкілдеріне сыни мақалалар жарияламау үшін пара беру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзу дерегі бар.
«Бұл саладағы қылмыстар көп жағдайда жақын туысқандарын қарамағына жұмысқа қабылдау, мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша бюджет қаражаттарын ысырап ету, жұмыс жасамайтын қызметкерлер үшін жалақы аудару, оқушыларды емтихан сынақтарынан өткізу, баланы балабақшаға қабылдау процедураларында орын алатыны анықталды», -деп мәлім етті Нұрлан Жахин.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 14 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, Құрманғазы ауданында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтар үшін 11 мемлекеттік мекеменің басшысына 1,7 млн теңге айыппұл салынған. Ал, 14 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.