Атырау облысының Құрсай ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді (ФОТО)

«Ескі мектеп 1965 жылы салынған, әбден ескірген. Жаңа оқу орнында - кең кабинеттер, холлдар, акт залы, ыстық тағам әзірлейтін асхана бар. Химия, география, биология, шет тілдері, информатика кабинеттері көрнекі құралдармен, аппаратурамен, тәжірибе жүргізетін аспаптармен жабдықталған», - деп хабарлады мектеп әкімшілігінің өкілдері.
Білім ошағының ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құрылыс салу кезінде сапасы мен дизайнына ерекше көңіл бөлінгенін айтып өтті.
«Ең заманауи құрылыс, әрлеу материалдары пайдаланылып салынған мұндай мектеп облыста әзірге жоқ. Біз еденге линолеум емес, қымбат керамика төсеуді жөн санадық. Есіктері таза ағаштан жасалған. Оқушылар өздерін жақсы сезінсін, мектепті жақсы көрсін деген ниетпен құрылысшылардың алдына мектепті жаңа жиһазбен, перделер, картиналар, гүлдермен әшекейлеу міндеті қойылған болатын», - деді Б. Ізмұхамбетов.