21:25, 19 Шілде 2023 | GMT +5
Атырау облысының мектеп түлектеріне 1 500 нысаналы грант бөлінді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының мектеп түлектеріне 1 500 нысаналы грант бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың мәліметінше, Атырау облысының мектеп бітірген түлектері үшін грант бірнеше мамандықты қамтиды.
Бұл – тек Атырау облысының түлектеріне бөлінген грант. Мәселен, педагогика саласы үшін 283, жаратылыстану, математика және статистика бағытына – 49, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына – 561, инженерлік, өңдеу және құрылыс индустриясына – 607 грант бөлінді. Нысаналы грант конкурсына қатысатын үміткерлер жалпы грант конкурсына да құжат тапсыра алады. Бірақ, нысаналы грант арқылы талапкер төрт қаланы және сол қаладағы барлық жоғары оқу орындарын белгілеуге мүмкіндігі бар
, - деді Руслан Емелбаев.
Айтуынша, нысаналы грантты «Серпін» бағдарламасымен шатастырмау қажет.
Осыған байланысты айтарым, нысаналы грантпен оқу бітіргендерге сол өңірде қалу немесе мамандық бойынша үш жыл жұмыс істеу шарты қойылмайды. Қазір талапкерлердің басым бөлігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен педагогика саласындағы мамандықты таңдап жатыр. Құжат тапсыру кезінде бірқатар жеңілдік те қарастырылған. Гранттың 5 пайызы көп балалы, әлеуметтік тұрмысы төмен, асыраушысынан айрылған санатқа жататындарға бөлініп оты
р, - деді ол.
Биыл Атырау облысында 11-сыныпты 6 300-ге жуық оқушы бітірген. Оның ішінде 5 мыңнан астам түлек ҰБТ-ға қатысып, 80 пайызы шекті баллды жинаған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында мектеп бітіретін 167 түлек «Алтын белгіге» үміткер болғанын жазған едік.


