Атырау облысының тұрғындары көлемі 272,9 млн теңге болатын салығын төлемей жүр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұрғындары көлік үшін 272,9 млн теңге салығын төлемей жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көлік салығын төлемей жүрген 5 265 жүргізуші анықталып отыр.

«Атырау облысының тұрғындары арасында жылжымайтын мүлік пен көлік үшін салық берешегін төлеуге салғырт қарайтындар азаяр емес. Мұндай үрдіс салық төлеу жауапкершілігінің жоқтығынан туындайды. Мәселен, 5 265 жүргізуші көлік салығын төлемей жүр. Олардың салыққа қарызы 272,9 млн теңгені құрап отыр. Салық берешегін төлемеген тұрғындар әсіресе, Атырау қаласында, Жылыой мен Құрманғазы ауданында анықталып отыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Департамент қызметкерлері жыл басынан бері полицейлер және жеке сот орындаушыларымен бірлескен рейд ұйымдастырып, 38 млн теңге салық берешегін өндірген.

«Атырау қаласындағы бірлескен рейд кезінде 50-ге жуық автокөлік иесі анықталды. Рейдтік топ мүшелері 1,5 млн теңгеге жуық салық берешегін өндіріп алуға ықпал етті. Мәселен, «Toyota Hilux» көлігі үшін 1 млн 530 мың 425 теңге салық берешегін төлемеген жүргізуші ұсталды. Қазір автокөлік айыппұл тұрағына қойылды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Енді осындай бірлескен рейдтік іс-шараны Жылыой және Құрманғазы ауданында өткізу жоспарланып отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулықтар көлікке 355 млн теңге салық төлемегенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар