Атырау облысының тұрғынынан 8 киіктің мүйізі тәркіленді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының тұрғынынан 8 киіктің мүйізі тәркіленді. Күдікті Қызыл кітапқа енген киелі жануардың мүйізін заңсыз сақтап келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Индер ауданының тәртіп сақшылары «Браконьер-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Қызыл кітапқа енген киіктің мүйізін заңсыз сақтаған тұрғынды ұстады.

«Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 12 қараша күні сағат 23:30 шамасында «Охотазоопром» РМҚК батыс өңірлік филиалының инспекторларымен бірлесіп, Сыралы учаскесіндегі қыстақтардың бірінен киікке ұқсас жануардың 8 дана мүйізін тәркіледі. Күдікті ретінде аталған ауданның 1958 жылғы тұрғыны ұсталды. Оның Өрлік ауылында тұратыны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексі 339 бабының 1-1-бөлігімен (Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау) амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда браконьерлерден бекіре мен есірткі тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар