Атырау облысының Жылыой ауданында бірнеше елді мекен жарықсыз қалды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Жылыой ауданында бірнеше елді мекен жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жылыой аудандық әкімдігінің мәліметінше, аудан орталығы – Құлсары қаласы мен бірнеше елді мекенде жарық сөнген. Бұған «KEGOK» АҚ-ның магистральді электр желілеріндегі кернеудің төмендеуі себеп болған.

«Атырау-Жарық» АҚ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеше, 10 шілдеде сағат 21:24-те Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында №2 энергия блогы ажыратылған.

Осыған байланысты Атырау және Маңғыстау облысының энергия жүйелері Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) арқылы тұйықталған режимде жұмыс істеген. Ал, Ресеймен байланысты «KEGOC» АҚ-ның 220 кВЛ – 254.0 транзиттік желісі жөндеуде болған.

«Атырау облысында «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің №2 газ турбиналы генераторы ажыратылды. Соның салдарынан жиілік 49 Гц-ке дейін төмендеді. Осыған орай электр желісіндегі бұзушылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында тұтынушыларды автоматты түрде ажырату үшін аварияға қарсы жиілікті арттыру іске қосылды. Ал, «Атырау Жарық» АҚ-ның электр желілерінде тұтынушыларды кезекпен ажыратуға байланысты шектеулерді енгізетін шаралар қабылданды», -деп мәлім етті «Атырау-Жарық» АҚ-ның баспасөз қызметінен.

Кеше, 10 шілдеде түнгі сағат 23:16-да «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің №2 газ турбиналы генераторы іске қосылған. Содан соң электр желісіндегі жиілік 50 Гц-ке дейін көтерілген. Аварияға қарсы автоматты түрде ажыратылған тұтынушыларды желіге қосу жүргізілген. «Атырау Жарық» АҚ-ның электр желілерінде енгізілген барлық шектеу алынып тасталған.

Ал, бүгін, 11 шілдеде сағат 01:03-те электр желісінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін Ресеймен байланысты ВЛ-220кВ Л-254.0 транзиттік желісі іске қосылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында құлаған электр бағаналары 1975 жылдан бері қолданыста болғанын жазған едік.



Соңғы жаңалықтар
telegram