Атырау полицейлері қайтыс болған әріптестерінің отбасына барды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Бүгін, 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев қызмет бабында қаза тапқан әріптестерінің жанұяларында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау полицейлері қайтыс болған әріптестерінің отбасына барды

Департамент басшылығы алдымен Қабдрахман Ерниязовтың зайыбы Ағила апайдың, Асқар Бисекеновтың анасы Сара Мусағалиева, Владимир Худинның жары Людмила Худина, Есжан Даулетияровтың жары Тамара Даулетиярова, Зияда Смаховтың жары Мадина Ғабдісәлімова, Қабдол Құлтасовтың жары Қамария Қисимова, Нұрберген Өтемісовтің анасы Сатиха Кереева мен Шалқар Ақымғалиевтың анасы Ләззат Мұханованың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Оларға гүл шоқтарын табыс етті.

Милиция капитаны Владимир Худин мен милиция старшинасы Қабдрахман Ерниязов 1974 жылы, милиция майоры Асқар Бисекенов 1993 жылы қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. Полиция департаментінің ұсынысымен өмірден мезгілсіз кеткен бұл боздақтарға облыс орталығынан көше атауы берілді.

Қызметтік міндеттерін атқарып жүріп, бақилық болған қызметкердің бірі – полиция кіші сержанты Нұрберген Өтемісов. Ол 2009 жылғы 31 қазан күні жүргізушінің жол ережесін бұзып, полиция талабына бағынбауынан мерт болған. Оның отбасына ҚР Президентінің 2010 жылғы Жарлығымен III-дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Ал, полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев 2019 жылы 21 наурызда көпірден секірмек болған азаматшаны құтқару кезінде қаза тапты. Сол жылы Шалқар Ақымғалиевтың отбасына да ҚР Президентінің Жарлығымен III-дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді. Шалқардың анасы Ләззат Мұханова Ақтөбе қаласында өткен ҚР ІІМ «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясына қатысқан еді.

«Бейбіт күнде ерлік көрсетіп, қызметін атқару кезінде қаза болған әріптестеріміздің есімі ешқашан ұмытылмайды. Олардың артында қалған отбасыларының жағдайы департамент басшылығының назарынан тыс қалмайды», -дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.