Атырау полицейлері өзгенің атынан онлайн-несие рәсімдеген күдіктіні ұстады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау полицейлері өзге адамдардың атынан онлайн-несие рәсімдеген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, тәртіп сақшылары «Hi-tech» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде банк сайты арқылы өзгелердің атынан онлайн-несие рәсімдеп келген Шығыс Қазақстан облысының 29 жастағы тұрғынын анықтаған.

«Күдікті жігіт микроқаржылық мекемелер арқылы интернеттен кездейсоқ адамдардың мәліметтерін тауып алып, бірнеше ай бойы олардың атынан онлайн-несие рәсімдеп келген. Несие мақұлданғаннан кейін «Kaspi Bank», «Halyk bank» банкоматтары арқылы несие қаржысын алып отырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде бірнеше алаяқтық жасады деген күдікті Семей қаласында ұсталды. Қазір күдіктінің 300-ден астам алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі бірнеше миллионнан астам теңгені құрады» -дейді Қамза Үмбетқалиев.

Қазір күдікті Семей қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлімінің 4-тармағымен, 190-баптың 3-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғыны екі жылдан бері алаяқтан 1,3 млн теңгесін қайтара алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар