Атырау полицейлері жеті адамдық жанұяны құтқарды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Атырауда полицейлер баспанасы отқа оранған жеті адамнан тұратын отбасыны құтқарды.
«Атырау» шағын ауданында өтіп бара жатқан жол-патрулдік қызмет жасағы жеке үйлердің бірінің шатырынан түтін шығып жатқанын байқап қалды.
Сержанттар Артур Мырзағалиев пен Самат Зұлхайыров ұйықтап жатқан баспана иелерін оятпақ болды. Бұл амалы іске аспаған соң, біреуі өрт сөндірушілерді шақырды, екіншісі үйге кірді.
Үйде ұйықтап жатқан 7 адамды оятқан полицейлер оларға далаға шығуға көмектесті. Құтқарушылар отты ауыздықтады, алайда үй шатыры құлады. Белгілі болғандай, жөндеу жұмыстарынан кейін шатырда қалған ағаш жаңқалары отқа оранған», деп хабарлады өңірлік ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлназира Мұхтарова.