Атырау полицейлерінің 2 мыңнан астам заңсыз қаулысының күші жойылды
Атырау қалалық прокуратурасының мәліметінше, полиция қызметкерлері құқық бұзушылық құрамының белгілері болмаса да жеке тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
«Автомобиль көлігі иесінің дербес деректері полиция қызметкерлерінің мобильді планшеттері арқылы анықталады. Соған қарамастан, полиция қызметкерінің қаулыларымен жеке тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 612-бабының 1-бөлігімен, яғни жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжатының болмауына байланысты жауапқа тартылған. Атырау қаласының прокуроры енгізген наразылықпен аталған баппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге шығарылған 1 079 қаулының күші жойылды. Жалпы 2 мыңнан астам әкімшілік қаулының күші жойылып, 24 полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, Атырау облысында қайтыс болған 30 адамның атына бюджет қаржысы заңсыз аударылғанын жазған болатынбыз.
«Прокурорлық қадағалау шараларымен мүгедек адамдардың жеке көмекшілерінің қызметіне тиісті бақылау жүргізілмегені, 69 көмекшінің басқа мекемелерде жұмыс істегені, қайтыс болған 30 адамның атына бюджет қаражаты заңсыз аударылғаны анықталды. Бұдан бөлек, Атырау қалалық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізіліп, мүгедек балаларды үйде оқытқаны үшін төлем 2,4 айлық есептік көрсеткіштен 5 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді. Мүгедектігі бар үш адамның жұмыс уақытының ұзақтығы қысқартылды. Оларға қосымша демалыс күндері қамтамасыз етілді», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, Атырау облысында 14 лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.