Атырау прокуроры жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауына алды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының прокуроры кәмелеттік жасқа толмаған Өзбекстан азаматы Асылбек Хамроевтың өліміне қатысты істі өз бақылауына алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Кәмелеттік жасқа толмаған А.Хамроев өлімінің тергелуі облыстық прокуратураның бақылауына алынды. Іс бойынша тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Алдын ала анықталғандай, мерт болған баланың анасы Умида Хамроева өзінің кәмелеттік жасқа толмаған баласы А.Хамроевпен биылғы жылдың 13 маусымында Өзбекстаннан Жылыой ауданына келіп, ауызша келісімшарт бойынша шаруа қожалығына шопан ретінде жұмысқа кірген», - деді Атырау облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында 2 қыркүйектен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім өлі күйінде табылғандығы туралы хабарлаған болатынбыз .