Атырау соты үш адамды өлтіріп, өмір бойына сотталған жігіттің үкімін өзгеріссіз қалдырды

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында үш адамды қасақана өлтіріп, біреуін өлтіруге оқталған К-ның апелляциялық шағымы қаралды.
«Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К. үш адамды қасақана өлтіріп, бір адамды қасақана өлтіруге оқталғаны, атыс қаруын иемденіп, тасымалдап, қолданғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1,6-тармақтарымен айып тағылған еді. Сот үкімімен күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің пайдасына 44 млн теңгеден астам материалды және моральды залал өндірілген еді», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы мен оның адвокаттары бірінші сатыдағы соттың айыптау үкімінің күшін жойып, істі соттың басқа құрамында басқа облысқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
«Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен сот үкімін өзгеруге немесе оның күшін жоюға негіздер анықталмағандықтан, бірінші саты сотының үкімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды», -деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда үш адамды қасақана өлтіріп, біреуін жаралаған жігіт өмір бойына сотталғанын хабарлаған болатынбыз.