Атырау тұрғыны 3 келіден астам бекіре уылдырығымен ұсталды
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бекіре уылдырығын заңсыз сақтаған тұрғын Қараөзек ауылында ұсталған.
«Бекіре тұқымдас бағалы балықтар қорына заңсыз қол сұғушылыққа қарсы «Бекіре – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Атырау қалалық полиция басқармасы мен №1 қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері 34 жастағы тұрғынды ұстады. Одан бағалы бекіре тұқымдас балықтың 3 келіден астам уылдырығы тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Бұдан бұрын Атырауда браконьерлерге қатысты 144 іс сотқа жолданған еді. Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Темірхан Оңайбаевтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 6 айда балық қорғау заңнамасы талабын бұзудың 1 165 фактісі анықталған.
Осыған байланысты 649 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Ал 505 хаттамаға қатысты іс аумақтық уәкілетті органда қаралса, 144 іс әкімшілік сотқа жолданды.
Фото: polisia.kz