Атырау тұрғыны өз үйінде өлі күйі табылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өз үйінде әйелді өлтірген күдікті іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау тұрғыны өз үйінде өлі күйі табылды

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қылмыстық оқиға 19 қазанда таңғы сағат 07:45 шамасында болған.

«Атырау қаласының Өркен шағынауданында орналасқан жеке үйде әйелді буындырып өлтіріп кеткен. Жасы 59-да. Осы дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп мәлім етті департаменттен.

Қазір полиция қызметкерлері адам өлтірген күдіктіні анықтау, ұстау үшін жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп жатыр. Оған Полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды.

«Сотқа дейінгі тергеу амалдарын департаменттің жедел тергеу тобы жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, күдікті үйден алтын бұйымдарды, ақша мен өзге де заттарды ұрлап кеткен.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда үш адамды атып өлтіріп, тағы біреуін жарақаттаған жігіттің ісі сотқа жеткенін хабарлаған болатынбыз.