Атырауда үш адамды атып өлтіріп, тағы біреуін жарақаттаған жігіттің ісі сотқа жетті

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда үш адамды атып өлтіріп, тағы біреуін жарақаттаған жігіттің қылмыстық ісі сотқа жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктіге қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1, 6-тармақтарымен тергелген.

«Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының іс жүргізуіне ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 1, 6-тармақтарымен айыпталған К.Б.-ға қатысты қылмыстық іс түсті. Аталған қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы 2022 жылғы 5 қыркүйекте сағат 15:00-ге тағайындалды», -деп мәлім етті Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Бұған дейін Атырауда үш адамды атып өлтіріп, біреуін жарақаттаған күдікті қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, атыс 15 наурызда сағат 22:10 шамасында болған. Атырау қаласының «Авангард-3» шағын ауданындағы аялдамада тапаншадан атылған оқтан 27 және 23 жастағы екі жігіт қаза тапқан. Ал, 1995 жылғы 1 адам ауруханаға жеткізілген.

Күдікті оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен.

«Полиция қызметкерлері аталған қылмысқа күдікті ретінде Маңғыстау облысының 1993 жылғы тумасын ұстады. Атысқа азаматтардың арасында туындаған өзара келіспеушілік себеп болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кейін күдіктінің екі тапаншасы табылды.

Үш адамды атып өлтірген күдікті ұсталған кезде тапаншасы болмаған. Полицейлер жедел іздестіру іс-шарасын жүргізіп, 19 наурызда теректің түбінен екі тапаншаны тапқан. Тапаншалар атыс болған шағын ауданда өсіп тұрған теректің бірінің түбіне жасырылған.


Соңғы жаңалықтар