Атырау тұрғыны Жайық өзенінің түбінде «сенбілік» өткізді

Жайық өзенінің түбінен қоқыс жинаған Аслан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында әсерімен бөлісті.
«Жайық өзенінің түбін тазалау басталды. Екі сағатта 50 метрдей су астын тазалап көрдік. Нәтиже адам шошырлықтай. Су астынан тас байланған капрон тор, салмағы ауыр тастар, шіріп кеткен темірлер, целлофан, пластик құтылар шықты. Ақ Жайығымыздың түбі қоқысқа толып қалыпты. Біз тазалаған қоқыстар біраз жылдан бері жатып қалған. Осынша қоқысты көріп, жағамды ұстадым. Табиғатты ластап жатқанымызға шошыдым. Бұл – менің қоқысым емес. Бірақ, бұл өзен – біздің Ақ Жайығымыз», - деп жазды ол.
Оның айтуынша, қоқысты көтеріп шығару қиынға соққан. Ауыр тастар белге күш түсірген.
«Маған Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясынан көмек керек. Инспекция қайықпен көмектесер болса, әуесқой балық аулаушылардан топ ұйымдастырар едім. Жайық өзенінің түбін жүйелі түрде тазартқым келеді», - дейді Аслан Омаров.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасының тереңдігі жарты метрге жетпейтінін хабарлаған болатынбыз. Жергілікті атқарушы орган, табиғатты қорғау құрылымдары өкілдері мен өңірлік қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған жұмыс тобы Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына зерттеу жүргізді. Өзен сағасының тереңдігі - 30-40 см, яғни жарты метрден аз болған. Ал, сағадан шамамен 10 шақырым қашықтықта зерттелген учаскелердегі тереңдік екі метрден асқан.